20 Сәу 2021
Страницы KZ Алмалы орта мектебі

Мектеп тарихы

Алмалы орта мектебі тарихы

 

1960 жылы  СОКП ХХІ съезінің (1959, 22 қаңтар – 5 ақпан) ауыл шаруашылығын өркендету шешімі негізінде Гурьев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығы бойынша, Кандаурово қолтығынан  «Гурьев  жеміс-жидек» кеңшарының негізі қаланды. Кеңшарға 1200 га жер телімі беріліп, совхоз директорлығына Чернавиев тағайындалған.    Алғашқы жылы құрылыс мекемесінің күшімен азын-аулақ жергілікті тұрғындарды пайдаланып, екі пәтерлі үш тұрғын үй салынып 6 жанұя көшіп келген. Өздерінің қаражатына жеке адамдар бірнеше үй салып, халық саны өскен. Келесі жылы гараж, екі пәтерлі 6 тұрғын үй тұрғызылған. Барлығы 20-30 үй ғана болды. Негізгі шаруашылық – жаңадан отырғызылған 60 гектар алма бағын баптау, өсіру. Қосымша аз ғана мөлшерде егін шаруашылығы болды.     

Тұрғындардың балаларын оқыту үшін, 1960-61 оқу жылында бастауыш мектеп ашылып, онда 26 оқушы оқыған. Класс комплектісі екеу: 1-3 класс, 2-4 класс. Екі үйлік пәтердің бір жағын мектепке беріп, алғашқы меңгерушісі, әрі оқытушысы Төрехан(Темірхан) Темірғалиев тағайындалған.  Сол жылы мектеп қалалық білім бөліміне, келесі жылдан бастап Балықшы аудандық білім бөліміне қарады.                                                                                                         

1961-62 жоқу жылында Шакиров Қайдашты бастауыш сынып меңгерушісіне тағайындап, Қазақ КСР-і  Оқу үздігі төс белгісі иегері Сахибеденов Ғатау екеуі оқу жылын бастаған. Бұл кезде ауылда бірнеше екі үйлік және  6 бір үйлік пәтер салынып, дәрігерлік пункт ашылып, кітап қоры мол кітапхана, және клуб тұрғызылған. Қала типтес 4 екі қатарлы үй салынған. Селоға жазғы су науамен жүргізіліп, алма ағашы отырғызылған. 40 гектар жер қоршалып, алма, алмұрт, слива, т.б. жеміс ағаштары отырғызылған. 

1963-64 оқу жылында мектеп Махамбет ауданына қараған. Ал, 1964 жылы қайтадан  Балықшы ауданына ауыстырылған. Оқушылар саны 32-ден аспады, өйткені кеңшар орталығы Гурьевте(Атырау) болғандықтан көптеген мамандар, жұмысшылар Алмалыда(Кандауровода) тұрған жоқ.

1965 жылы Балықшы аудандық атқару комитетінің №175 қарары бойынша, «Жеміс-жидек» совхозының орталығы Кандаурово селосынан  №22 сегіз жылдық болып ашылып, екі пәтерлік үйге орналасты.  Мектеп үйі сырт қарағанда жұпыны, мектеп екені белгісіздеу де болды. Оқушы саны өсіп, шағын үйлерге орналасқан 45 баламен бюджеттік мектеп жанындағы интернат жұмыс жасады. Интернат үйлерінде жеке семьялардың баспаналары болды. Интернатқа балалар «Память Ильича» участогынан, арғы беттегі Бесікті ауылынан келді. Сөйтіп, алты сыныптағы 97 оқушымен сегізжылдық мектеп өз жұмысын бастап кетті.. Мектеп директоры Молдакұлов Төреғали, оқу ісінің меңгерушісі Шакиров Қайдаш болды. Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып Шарипов Зейнолла, математика пәніне Тажиденов Рамазан, биология пәніне Құсанова Нұржамал, тарих, дене тәрбиесі пәніне Зейноллиев Самиғолла, интернат меңгерушісі Тегісбаев Өтен(әрі қазақ тілінен дәріс берді) тағайындалды.

1966 жылы «ОШ» маркалы, типтік емес, 8 бөлмелі шағын мектеп үйі салынды. Ленинградтан келген студенттік құрылыс отряды мектеп үйінің құрылысын бастап, 1967 жылғы қаңтар айында жаңа мектеп үйі пайдалануға берілді. Өз алдына бөлек жылу қазандығы(котельный)  болды. Мектеп үйінің салынуына, жетіспей жатқан материалды жетістіруде, құрылысқа басшылық жасауда мұғалім  Шарипов Зейнолланың бар ынта-жігерімен еткен еңбегі өлшеусіз еді.    

1966-67 оқу жылында  мектеп Жалмурзин Хидан, Маруся Біләлова, Құбайдолла Каримов, Молдахан Бекешов, Сара Шынбаева, Гүлжиһан Шұғайыпова,  Рамазан Тәжиденов сияқты мамандармен толықты. Орыс тілі пәнінің мұғалімі  Біләлова Маруся тамаша ұстаз еді. Өз пәнінің теориялық та, методикалық  жағынан да шебері еді. Күні-түні ерінбей еңбек ететін, оқушылар арасындағы тәрбие шараларын орысша жүргізетін.  Кішкентай балалардан бастап орысша таза сөйлеуге үйрететін. «Жалынды үгітші, асқан әнші, әрі биші еді»,- деп еске алады замандастары.                                              

Каримов Құбайдолла ағайымыз асқан білімді, есте сақтау қабілеті өте жоғары,  мінезі жұмсақ  адам еді. Мектепте партия ұйымының хатшысы және кәсіподақ комитетінің де басшысы болып қоғамдық жұмыстар атқарған. Баспасөз бетіндегі партия қаулылары, қажетті деректерді бір оқығаннан есінде сақтап, саяси сабақтарда пайдаланатын. Оқушыларының айтуынша, І топтағы көз мүгедегі, аяғының да кемістігі бола тұра, сабақ кезінде балалардың жауабын ауызша тексеріп, қатесін таба беретін.

1968 жылы сәуірде «Гурьев» жеміс-жидек совхозының орталығы қаладағы Сутягин деген жерден Кандаурово селосына көшті. Осы жылы мектеппен іргелес  жаңа интернат үйі салынып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Интернат контингенті 45 баладан 60 балаға дейін өсті. Интернат меңгерушісі болып  Қалиев Тұрақ тағайындалды. Осы кісінің басқаруымен 1968-69 жылдарда интернат тәрбиесі, тазалығы жағынан аудан бойынша бірінші орынға ие болды. Сол жылдары интернатта қызмет еткен тәрбиешілер Күмісова Гүлшара, Бекешев Молдахан, аспаз Шакирова Бөбіш, қоймашы Олжабаева Күнімай, күзетші Тәжіғұлов Молдаш есімді ел ағалары мен апаларымыз жұмыстың нәтижелі болуына зор үлес қосты. Әсіресе, жас та болса тынымсыз еңбек еткен Күмісова Гүлшараның еңбегі зор.Тәрбиеленушілердің өзін-өзі басқаруы, сабағына қатысу, білім сапасына баса көңіл бөлу, олқылықтарды жоюдың шараларын белгілеу және оны интернат советінде бекіту – осының бәрі оқушылардың өзіне деген сенімін арттырып, ішкі тәртіптің жақсаруына әсер етті. Айына бір рет Память Ильича, Бесікті ауылдарына барып жиналыс өткізу, ата-аналармен пікірлесу дағдыға айналды.  

Бұл тұста мектеп директоры Жұпар Хамзина болды. 1968-74 ж.ж Алмалы орта мектебінде тәрбиеші, интернат меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 1974 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектебінден сыныптас тыс жұмыстардың ұйымдастырушысы болды. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері (1980), «Құрмет белгісі» (1970), Еңбек Қызыл Ту (1986) ордендерінің иегері.   «Жұпар апай сөзге шешен, қабақ шытпайтын, ақжарқын адам еді. Үйде үлкейген енесі болды, балалар бар, кеңшардың бас бухгалтерінің үйі болғасын келуші қонақ көп, бірақ апай соның бәріне үлгеріп жүретін. Адамды аяғыш, ойын ешқандай бөгеліссіз тіке айтатын, тамаша кісі еді ғой»,-деп еске алады өз кітабында Қалиев Тұрақ ағай.                                        

Мектеппен  қатар мәдениет үйінің жұмыстары, халықтың рухани ізгілігін (игілігін) жалғастыру партия ұйымы, комсомол ұйымына қоғамдық негізде тапсырылды. Мектеп  және кеңшар комсомол ұйымымен біріккен хатшылығына Зиноллиев Самиғолла сайланды.                                                             

1970-71 оқу жылында мектептің материалдық базасы жақсарды. Оқушы саны 300-ден асты. Совхоз қосымша 1971 жылы 6 кластық бөлмесі бар мектеп үйін тұрғызды. Бекешева Алма (биолог), Айтмағамбетов Ермек(тәрбие жұмысын ұйымдастырушы), Есқалиев Амантай(қазақ тілі), Шапауов Мұрат(физика), Сабиров Қуандық(физика-математика) пен зайыбы Жариева Бақыт(биология), Татьяна Васильевна Колобова»(1-3 орыс сыныптары), Биялиева Тайша (тәрбиеші), Есеналиева Клара(математика), Оразова Ханшайым(математика), Айтмағамбетова Күләш(орыс тілі) келіп мамандар қатары толықты.                                             

Айтмағанбетов Ермек зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін оқушыларға география пәнінен сабақ беріп, оқу ісі меңгерушісі қызметін атқарды. Өз пәнінің жетік білгірі, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, әділ,  аса ұқыпты, іскер адам еді. 16 жыл селолық кеңестің депутаты, 14 жыл бастауыш партия ұйымының хатшысы, 30 жыл насихатшы, «Білім» қоғамының жетекшісі, лектор, білім беру кеңесінің мүшесі, оқу инспекторы, әдіскер, т.б. қоғамдық қызметтер атқарды. Еңбектегі табыстары үшін «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі», «Аға мұғалім», «Тыл және Еңбек ардагері», «Жеңістің 55 жылдығына» орай ел Президентінің жазбаша құттықтауына ие болды.

1972-73 оқу жылында мектеп Балықшы аудандық атқару комитетінің №190 қарары бойынша  №22 сегізжылдық мектебі онжылдық орта мектепке айналды. Бала саны 400-ге жуықтады, тағы да қосымша бөлмелер тұрғызылды. Мектеп – Алмалы орта мектебі деп аталды. Мектеп директорлығына  Қонысов Бәшір, оқу ісі меңгерушісі Хұсынов Сәйпен, зайыбы Қаратаева Мәриям бастауыш сынып мұғалімі, Қарабалина Талшын орыс тілінен, Ысқақов Сатыбай географиядан, Үмбетов Ізбасар еңбек сабағынан, зайыбы Дүйсенбаева Зәбен қазақ тілінен, Тәжіғұлов Ораз машина тану сабағын берді. Хамзина Жұпар директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып ауысты.                                                                                        

Үмбетов Ізбасар ағай 1949 жылы еңбек жолын 17 жасар бозбала шағынан бастап,  1992 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін  43 жыл үзбей педагогикалық қызмет етіп, алдынан мыңдаған шәкірттерді өткізді. Соның 21 жылын осы мектепте бүлдіршіндердің оңы мен солын танытып, қолдарына қалам ұстатты.

1974 жылдың қараша айынан бастап Алмалы орта мектебінің директоры болып Есмұханов Кенжеш тағайындалды. Мектептің оқу-тәрбие жұмысы жыл санап жақсара берді. Осы жылы педколлективке Дүйсешева Ақдарай келіп математикадан, Хисамеденова Мәруа химиядан сабақ берді.                      

Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО білім беру үздігі Кенжеш ағай өте білімді, салмақты, мінезі биязы, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін, қазіргіше айтсақ, коммуникабельді адам болатын. Ол кісі қандай күрделі жағдай болса да бала жүрегіне жол тауып, қажетті сөздер мен дәлелдемелерді(аргументтер) келтіре алатын. Еш уақытта дауыс көтермейтін.   

1975 жыл-Ұлы Жеңіске 30 жыл. 9 мамырда село орталығынан «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» атты Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің мәрмәр тақтасында құрбан болған 92 ардагердің есімі жазылған. Ескерткішті пионерлер күтімге алды.

1976-77, 1977-78 оқу жылдары. Бұл жылдары мектепке тағы да бірқатар ұстаздар келіп қосылды. Жакиева Сатым қазақ тілінен, Жүнісов Ғалымжан физика-математикадан, Құлкенова Ұлшара химиядан, Нұрғалиева Рахима музыкадан, Молдақұлова Гүлшара-кітапханашы, Жалмурзина Гүлбарша-аға пионер вожатый, Оңғарбаева Асия-тәрбиеші, биолог, Өтепова Света-бастауыш сынып мұғалімі, Сәйпенова Күләнда қазақ тілінен, Берғалиев Сәулебай физика-математика, Есқалиева Әмина-тәрбиеші, Қалиев Тұрақ орыс тілінен, Қуандықова Сұлушаш бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етті.

1979 жылы мектеп жанындағы интернаттың материалдық-техникалық  базасы жақсарып, тәрбиеленушілер саны 120-ға дейін өсті. Осы жылдан бастап,    дейін интернат меңгерушісі болып Шакиров Қайдаш қызмет етті. Мұғалімдер мен тәрбиешілер қатары толықты: Нұрмұқашева Қалау, Акимова Батима бастауыш сынып, Исабеков Артур орыс тілі, Дүйсенбаева Салтанат тарих, Ахметова Жаңыл ән сабағынан берді. Педагогикалық коллективтің қатары 40-қа жетті. Жоғары білімдісі-29, аяқталмаған жоғары білімдісі-2, Арнаулы орта білімдісі-9, КПСС мүшесі-9, комсомол мүшесі-9.                                            

1980-81 оқу жылы. 1980 жылдың наурыз айында Есмұханов Кенжеш Балықшы аудандық халық ағарту бөлімінің  меңгерушісі болып жұмысқа ауысты. 1 сәуірден бастап, Алмалы орта мектебінің директоры болып Хұсынов Сәйпен, оқу ісі меңгерушісі болып Сабиров Қуандық тағайындалды. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болып Жалмурзин Хидан 1977 жылдан бастап жұмыс жасап келді. Мектептегі партия ұйымының хатшысы-Қалиев Тұрақ, кәсіподақ ұйымының төрайымы-Нұрмұқашева Қалау 1981 жылдың қазан айында сайланды.

Тағы да жас мұғалімдер келді: Ашығалиев Ғаділбек-тарихшы, Ахметова Нұрзия-бастауыш сынып мұғалімі, Байтұмақова Роза-тәрбиеші-мұғалім, Сәндібекова Гүлжамал-тәрбиеші, Әубекеров Ермекқали машинатану сабағынан берді.

Кеңес қоғамында коммунистік партия, комсомол, пионер ұйымдары жетекші рөл атқарды. №22 сегізжылдық мектебі болған кезде пионер ұйымы Кеңес Одағының батыры, мерген қыз Әлия Молдақұлова атында еді. Пионер ұйымы қатарында 61 оқушы тәрбиеленді. Пионерлер «Тимуршыла командасын» құрып, үлкен кісілерге көмектесу: отынын шауып, суын жеткізіп беру, тазалық жұмыстарын жасау, жыл сайын металл сынықтарын, қағаз қалдықтарын жинап, елдің экономикасына теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлестерін қосып, жақсы үлгеріммен, түрлі тәрбиелік шараларымен көзге түсті. 1981 жылы пионерлер қатарында 230-дан аса оқушы «Ленин ісіне адалмыз!» ұранымен жұмыс жасады. Аға пионер вожатыйлар: Тегісбаев Өтен 1965 жылдан, Күмісова Гүлшара 1970-72 жылдары, Мардашева Марфуға 1972 жылы, Түсіпқалиева Жібек 1973 жылы, Молдақұлова Баян 1973 жылы, Нұғманова Гүлсім 1974 жылы, Қуандықова Сұлушаш 1974-76 жылдары, Жалмурзина Гүлбарша 1977 жылы жас ұрпақтың жалынды жетекшілері болды.                                                                           

Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қалиева Светлана өзінің оқушылық өмірін былайша сипаттайды: «Мектептің пионерлер бөлмесінде, сол кезде аға пионер вожатый қызметін атқарған Жалмурзина Барша стол үстіне қаз-қатар етіп шахмат-дойбы тақтасын жайып, дойбыларды орналастырып қоятын. Қоңырау сайын бәріміз шауып келіп ойын қызығына түсетінбіз. Сабақ басталған кезде тастай сала сыныбымызға жүгіреміз.  Келесі қоңырауда Барша тағы да бізге ойын алаңын дайындап қоятын. Осылайша балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасайтын».                                         

Комсомол ұйымының жемісті еңбек етіп, қатарының толыққан жылдары 1972 жылдан бері қарай. Оқушы комсомол ұйымына да, оқытушы комсомолдарға да басшылықты хатшы Күмісова Гүлшара жасады. Сол кезден бері комсомолдар мектептің қоғамдық жұмысына араласып, түрлі кеш, диспут, салтанатты жиындар өткізіп, жас ұрпаққа саналы тәрбие беруге өз үлестерін қосып, есімдері арттарына жақсы істерімен қалды. Кейін ұйым жетекшілері Сәйпенова Күләнда, Дүйсенбаева Салтанат болды. Ашығалиев Ғаділбек хатшылық қызметін 1980 жылдан бастап, елімізде ұйым тарағанға дейін атқарды. 1979 жылдан бастап кеңшар жанында еңбек және демалыс лагері жұмыс жасап, жоғары сынып оқушылары мен  жас ұстаздар бір жағынан егіс алқабында еңбек етсе, екінші жағынан бос уақыттарын көңілді өткізіп, түрлі спорттық шаралар мен байқауларға қатысты. Би кештерін ұйымдастырды. Комсомол мүшелерінің саны 111-ге жетті.

1982-84 жылдар аралығында   мектепке Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері  Хұсынов Сайпен ағайымыз басшылық жасады.   Осыған дейін   1972 жылдан    оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, жұмыстың қыр-сырына қанық, мол тәжірибесі бар, орыс тілінің майталманы болатын.  Бұл кісінің бір қасиеті жас мамандармен де балалармен де өте жылы сөйлесіп, арасында әзілдесіп те қоятын. Сондай үлкен кісінің әкелік қамқорлығы, мейірімді сөзі  жүрегіңе    жылылық құятын.                                                                                                                      

1984 жылы   17 тамыздағы облыстық оқу бөлімінің №240 бұйрығымен Алмалы орта мектебінің директоры қызметіне орыс тілі пәні мұғалімі Қалиев Тұрақ   ағай, оқу ісінің меңгерушісі болып Айтмағанбетов Ермек ағай, ұйымдастырушы болып Мусағалиева Ғалия тағайындалды.  Тұрақ ағай осыған дейін кеңшарда бас инженер, механик, механизатор, кеңшар директорының орынбасары, құрылыс цехының бастығы, партия ұйымының хатшысы, интернат меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған мол тәжірибесі бар еді. Тұрақ ағамыздың қырық екі жыл еңбек жолының отыз бір жылы басшылық қызметте өткен екен. Еңбегі де лайықты бағаланып, селолық кеңестің бірнеше дүркін депутаты, аудандық мәслихат депутаты, социалистік жарыстың озаты, облыстық партия комитетінің грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хаты, «Құрмет грамотасы», Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» атақтарымен марапатталды.

 1985 жылдан бастап педагогикалық кеңесте ғылыми-психологиялық, ғылыми-әдістемелік, оқыту мен тәрбиелеудің ғылыми-тәжірибелік жолдары мен жаңалықтары, мұғалімдердің білімдік-әдістемелік есептері сияқты мәселелер енгізілді. Әдістемелік кеңестерде мұғалімдердің балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі әдістемелік шеберліктерін тыңдау және тәжірибелерін мұғалімдердің пайдалануына ұсыну, нәтижесін зерттеу мәселелері қаралатын болды.

Оқушылардың өзін-өзі басқаруы, мұғалімнің орнына озат оқушылардың сабақ беруі, сынып жетекшілері болуы дағдыға енді. Сынып старосталарының беделі көтерілді.

Тәрбие саласындағы басты бағыт етіп қоғамдық пайдалы еңбекті ұйымдастыру қолға алынды.  Бұл салада балалардың еңбектенуге, бос уақыттарын тиімді пайдалану, табыс табуға, оны ұқыпты жарата білуге үйрету, еңбегінің нәтижесін көруге жетелеу, білімін еңбек ету тәжірибесімен ұштастыруға ынталандыру, төзімділікке және еңбек жолындағы кездесетін кейбір қиындықтарды жеңуге ұмтылдыру арқылы тәрбиелеу – негізгі мақсат етіп алынды. Осы бағытта мектеп оқушыларының қоғамдық пайдалы еңбегі ұйымдастырылып, мектептің қосалқы шаруашылығында қоян, құс өсірілді, егін егіліп, ағаштан бұйымдар жасалды. Қыз балалар іс тігумен айналысты, кеңшармен шарт жасалып, науқан кезінде егінін жинап беру ұйымдастырылды.

Үлкен кісілерге көмек беру тобы құрылып, барлық табыс оқушылар комитетінің шотына түсірілді. Жұмыстың нәтижелі болуына аянбай еңбек еткен мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерлері А.Есқалиев, Н.Жақаева, Б.Жариева. А. Оразғалиев, С.Ысқақов, Т.Биялиева, Б.Қожантаев, К.Ізтелеуова, Б.Берғалиев, О.Наурызов сияқты өз ісінің шеберлерін атау керек.

Алмалы орта мектебі қоғамдық пайдалы еңбекті ұйымдастыру бағытындағы  аудан мен облыс көлеміндегі тірек мектебіне айналды. Мектеп жұмысы республикалық телеарналар арқылы беріліп, мұғалімдер марапатталды. Қабдыжанова Балшекер, Құлкенова Ұлшара марапатталып, Есқалиев Амантай ағайға «білім беру ісінің үздігі» атағы берілді. Аудан және облыс көлеміндегі мектеп басшылары мен еңбек пәні мұғалімдерінің тәжірибе алмасу семинарлары Алмалы орта мектебінде өтуі дағдыға айналып, ауданның Құрмет тақтасынан орын алды.                                                           

1988 жылы  Алмалыда оқу ісі меңгерушісі Құлкенова Ұлшара, тәрбие ісі жетекшісі Қабдыжанова Балшекердің ұйымдастыруымен аудан мектеп директорларының семинары болып, 9 пәннен ашық сабақ, 2 тәрбие сағаты өткізілді.  Аудандық білім бөлімінің кеңесінде семинардың жұмысына жоғары баға беріліп, орыс тілі пәні мұғалімі Қалиева Светланаға жазбаша түрде  «Алғыс» жарияланды. Мектеп орыс тілі пәнінен аудандағы тірек мектептерінің бірі болып белгіленді.                                                                                      

Мектептегі биология пәнінің де берілуі жоғары дәрежеде болды. Облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру курсынан дәріс алушылар Жариева Бақыттың іс-тәжірибесін үйренуге келетін.

Бақыт апайымыз тынымсыз еткен еңбегінің жемісін көріп, әдіскер-мұғалім атағын алды, ҚР-ның Құрмет грамотасымен марапатталды.

Математика пәнінен 1971 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін жетекші маман болған Сабыров Қуандық ағамыз да тәжірибесі мол, мамандығын жетік меңгерген, өте кішіпейіл, салмақты, жай сөйлеп, жай ғана жымиып қоятын адам. Бұл кісінің не әріптестеріне, не оқушыға бір қатты сөйлегенін көрмеппіз.                                                                                                          

Физика пәні мұғалімі Берғалиев Сәулебай ағамыз да өз пәнінің білгірі, физикамен қоса, математиканы да жетік білетін маман еді. Мектептің оқу-тәрбие жұмысын жан-жақты(фронтальды) тексеруге келген аудандық білім бөлімі комиссиясы мүшесі Жақсылық Жайлашев педагогикалық кеңесте: «Сәулебайдай физиканы білетін ауданда ешкім жоқ, ал математикасы соған тепе-тең»,- деп баға берген болатын.                                                                              

Осы тұста мектеп түлегі, математика пәні мұғалімі  Каримова Гүлнарды да айтпасқа болмайды.  Қыздар педагогикалық институтын қызыл дипломмен аяқтап, мектепте аз уақыт жұмыс жасаса да, өзінің біліктілігімен әріптестерін таң қалдыратын. Оның сабақ беру шеберлігіне таң қалған, оған еліктеген  оқушылардың бірқатары өздерінің болашақ мамандығы ретінде математиканы таңдады. Қазіргі кезде екінші мамандықты игеріп, ағылшын тілін өз бетімен үйренген Гүлнар Кувейтте біраз жылдар қызмет етіп, зейнеткерлік демалысқа шықса да, АҚШ-та қызметін жалғастырып жатыр.   

Сол жылдарда еңбек еткен қазақ тілінің майталманы Жалмурзин Хидан, Жакиева Сатым апайымыз, Айтмағанбетов Ермек ағайларымыз облысқа мәлім, үлкен әріпті ұлағатты ұстаздар болатын. 

1987 жылы 620 орындық үш қатарлы мектептің құрылысы аяқталып, 1-қыркүйек күні 1987-88 оқу жылы жаңа мектеп ғимаратында басталды. Мектеп құрылысын аяқтау, құрылыс жұмысына көмек көрсету, тазалық жұмыстарын жүргізіп, мектепті оқу жылына дайындауға бүкіл мектеп ұжымы еңбек демалысы кезі болғанына қарамай, уақытпен  санаспай, қолғабыс берді. Шілде-тамыз айларында оқу кабинеттерінің жасақталуы пән бірлестіктерінің эскиз жобалары бойынша, педагогикалық кеңесте бекітіліп, аяқталды. Мектептің проект-сметалық жоспарында кабинеттерді жабдықтау және безендіруге бөлінген 27000(жиырма жеті мың) сом түгелдей Махамбет ауданы халыққа қызмет көрсету комбинатының шеберханасына аударылып, олар пән бірлестіктерінің эскизі бойынша безендірулерді дайындады. Барлық пәндер бойынша оқыту кабинеттік жұйеге көшті. Кабинеттік жүйенің тиімділігі оқу сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Үш қатарлы мекемені жылумен қамтамасыз етудің өз қиындықтары көп болды. Бұл мектеп басшылығы мен шаруашылық жөніндегі орынбасардың басты назарында болған басты мәселе болатын. Мектеп басшысы Т.Қалиев БРНУ мекемесінің цех бастықтары М.П.Акутин, В.М.Кузеняткиндердің көмегіне жүгініп, қатты отынмен бірге, бір қазанды маймен жағуға көшірді. Бұл жұмыстың проектсі де, бақылаушы органдардың рұқсаты да болмағанына қарамастан, мектеп директоры жеке жауапкершілігіне ала отырып жасатты. Ауыл азаматтары Сахибеденов Қабдырахим, мұғалімдер Оразғалиев Аманжол, Елешев Амантай, қызметкерлер Қожантаев Болат, шаруашылық жөніндегі орынбасар Ізтелеуова Күләш өлшеусіз еңбек етті. Уақытпен санаспай, күні-түні жұмыс басында болып, 10 күн ішінде маймен жағатын қазан іске қосылды.

Мектептегі барлық ер азаматтар жылу жүйесінде бір мәселе туа қалса, бір кісідей жұмылып, дереу көмекке келетін. 1992-жылы 1-қаңтарда, түнгі сағат 2-де жарық сөніп,  35-40 градус аязда, Аманжол Оразғалиев(еңбек пәні мұғалімі), Амантай Елешев(БӘД), Ғаділбек Ашығалиев(тарих), Мұрат Қабдолов(дене), Қанат Бакесов(дене шынықтыру), Талап Мұқанов(дене шынықтыру), Оразғали Наурызов(есепші), Бөрібай Жөкетаев(аула тазалаушы), Бекежан Берғалиев(жүргізуші) 6-7 лампамен әр жеті метр сайын қазандар мен құбырларды жылытып тұруына тура келді. 3,5 сағаттан кейін жарық беріліп, қазандар іске қосылды. Химия кабинеті мен кітапханада  жарылған бір-екі батареяның сынық бөлшектері ауыстырылып, жылу толық берілді. Қайратты жігіттер қиыншылықты жеңе білді. Оқу үдерісі ешқашан тоқтап көрген жоқ. Ешқандай еңбекақы сұрамай, жұмыс жасап жүрген жерінің абыройын ойлаған ардақты азаматтарға ұжым мүшелерінің де алғысы шексіз еді.

Оқу процесін белгіленген жоспармен, дағдылы түрде ұйымдастырған және бақылауды қамтамасыз еткен әр кезеңде оқу ісінің меңгерушілері болған Құлкенова Ұлшара, Зиноллиев Самиғолла, Сахибеденова Рая, тәрбие жұмысының ұйымдастырушысы Қабдыжанова Балшекер, пән мұғалімдері шығармашылық еңбек етуге дағдыланған жандар еді. Басшылыққа ешқандай күш салдырмай еңбектенген аға буын өкілдері Жалмурзин Хидан, Айтмағамбетов Ермек, Үмбетов Ізбасар, Жакиева Сатым, Құсанова Нұржамал, Биялиева Тайша, Есқалиева Әмина, Омарова Аян, Күмісова Гүлшара, Бекешева Алма, Сабыров Қуандық, Жариева Бақыт, Берғалиев Сәулебай, Ысқақов Сатыбай, Есеналиева Клара арттарынан ерген жастарға үлгі-өнеге бола білді.

 

Кейінгі жылдары мектепке Бәтима Бимағанбетова(1999-2001), Самиғолла Зиноллиев(2001-2002), Самат Қабдолов(2002-2008), Ғалия Мусағалиева(2008-2012), Аманжол Уразғалиев, Светлана Қалиева (2012-2016), 2016-19 жылдан бастап Гүлшат Аухадиева, қазіргі күні Айгүл Ахметова басшылық жасап келеді.

Оқушылардың жетістігі:

Алмалы орта мектебін 1960-2021 жылдар аралығында  «Алтын медаль», «Күміс медаль», «Алтын белгімен»  бітірген түлектер тізімі:

аты-жөні

марапаты

жылы

1.

Қалиев Нұрлан Тұрақұлы

Алтын медаль

1982

2.

Бержанова Сәуле Изгалиқызы

Күміс медаль

1986

3.

Абулхаятова Гулзада Идаятовна

Күміс медаль

1986

4.

Жалмурзина Зәмзәгүл Хиданқызы

Күміс медаль

1986

5.

Жазықова Бибігүл Қуанышқызы

Күміс медаль

1986

6.

Меңдешова Салиха Айдынғалиқызы

Күміс медаль

1988

7.

Измухамбетова Назгүл Камалқызы

Күміс медаль

1990

8.

Күзембаева Фарида Дүзелбайқызы

Күміс медаль

1990

9.

Жалмурзина Әдепгүл Базарбайқызы

Күміс медаль

1990

10.

Түсіпқалиева Ардақ Жағыпарқызы

Күміс медаль

1991

11.

Ахметова Айнагүл Мақсотқызы

Күміс медаль

1993

12.

Берғалиева Нұргүл Сәулебайқызы

Күміс медаль

1995

13.

Қабдолов Мақсат Саматұлы

Алтын белгі

2007

14.

Хайырғалиева Айнұр Асылбекқызы

Алтын белгі

2020

 

  Қазіргі таңда Алмалы орта мектебінде 81 мұғалім, 810 оқушы бар.  Мұғалімдердің 4 жоғарғы санатты, 12-і бірінші, 7-і екінші санатты, педагог-зерттеуші-13, педагог-сарапшы-6, педагог-модератор-12. Мектепте мұғалімдер кәсіптілігінің қалыптасуына, біліктіліктерінің артуына, шығармашылығының шыңдалуына ықпал ету мақсатында  ұстаздар өз пәндері негізінде білім жетілдіру курстарынан өтіп отырады. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру және білім сапасын мониторингтеу мақсатында ғылым негіздері бойынша оқушылар аудандық пәндік олимпиадаларға, сырттай байқау-конкурстарға  қатысып,  жүлделі орындармен марапатталуда. Атырау облыстық ішкі саясат бөлімімен бірлескен семинар және Жалмурзин Сәтжанға арналған ескерткіш тақта ашу салтанаты жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруде үлкен рөл атқарды. Мектеп ұстаздары аудан және облыс көлемінде өткізілген түрлі сайыстар мен семинарларға қатысып жүлделі орындармен марапатталып келеді.

  Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ошағы ретінде Алмалы орта мектебі ел мұрасын келешек ұрпақ игілігіне жеткізе алатын тәлім-тәрбие орталығы.

 

 

 

Жалмурзин Хидан (1933-  Махамбет ауд. №18 ауыл) – 1953 жылы Гурьев мұғалімдер институтын, 1967 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері(1978). Еңбек жолын 1953 жылы Бақсай ауданындағы Тайсойған жеті жылдық мектебінде бастап, Құлтай, Алмалы жеті жылдық мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек етті.

Хұсынов Сәйпен (1926- 1987жж.  Новобогат ауд. Бегайдар ауылы) – 1942-44жж. Бегайдар аулындағы мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастаған. 1944-50жж. Кеңес Армиясы қатарында болды, кейін мұғалімдік қызметін жалғастырды. Гурьев педагогикалық  училищесін, Орал педагогикалық институтын бітірген. 1960-71жж. Исатай ауд. Забурын сегіз жылдық мектебінің директоры, 1971-86жж. Махамбет ауд. Таңдай, Алмалы орта мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директоры қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысы медальдарымен марапатталды.

Құсанова  Нұржамал 1934 жылы Есбол ауыл советі, 11 ауылында туған. 1953ж. Гурьев мұғалімдер институтын бітірген. 1954-73 жж. Махамбет ауданының Сарытоғай орта, Талғайраң, Кандаур орталау мектептерінде биология, география пәндерінің мұғалімі, 1973-1984 жж.Алмалы балабақшасының меңгерушісі болып істеді. Ұстаздық қызметі 1970 жылы  «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бимағанбетова Батима Әдірқызы (1948 ж.т. Махамбет селосы) – 1967-77жж. интернат тәрбиешісі, 1977-93 жж. Махамбет арнаулы мектебінде мұғалім, 1995-2000жж. аудандық білім бөлімінің әдіскері, Алмалы орта мектебінің директоры, 2001 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін аудандық оқу бөлімінде әдіскерлік қызметтер атқарды. ҚР білім беру ісінің үздігі(1996).

Жариева Бақыт 1943ж.т. Махамбет ауд. Алмалы орта мектебінде 1971 жылдан озат мұғалімдер қатарында еңбек етті. 1973 ж. Гурьев педагогикалық институтының биология факультетін бітірген. 1984 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1987 жылы Көкшетау  қаласында өткен республикалық педагогикалық оқуларға қатысып, жүлделі екінші орын алған. 1989 ж «Творчестволықпен жұмыс істейтін» мұғалімдердің конкурсына қатынасып, 1990 ж. «Әдіскер мұғалім» атағына ие болған.

Жариева Бақыттың творчестволық іс-тәжірибесі озат мұғалім ретінде облыстық деңгейде насихатталған.

Хамзина Жұпар (1931 ж.т Новобогат ауд. Манаш а.-2002) – 1951 жылы Гурьев педагогикалық ущилищесін, 1972 жылы Гурьев педагогикалық институтының биология факультетін бітіреді. 1948-63 ж.ж Исатай ауданындағы мектептерде, 1963-68 ж.ж  Ембі ауданы Жданов орта мектебінде мұғалім, «Қазақстан» совхозындағы балалар бақшасында меңгеруші,1968-74 ж.ж Балықшы ауданы Алмалы орта мектебінде тәрбиеші, интернат меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 1974 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектебінден сыныптас тыс жұмыстардың ұйымдастырушысы болды. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері (1980), «Құрмет белгісі» (1970), Еңбек Қызыл Ту (1986) ордендерінің иегері.

Сабиров Қуандық 1936 жылы туған. 1961 жылы Гурьев педагогика институтының физика-математика факультетін бітіріп, Гурьев қаласындағы №9, №13 мектептерінде математик болып, 1969-70 жылдары Гурьев қалалық партия комитетінде нұсқаушы, 1971 жылдан бастап Махамбет ауданы Алмалы орта мектебінде математик, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Көп жылдар бойы осы мектепте бастауыш партия ұйымының хатшысы болып қоғамдық қызмет атқарған. 

  Еңбек еткен жылдарында Қазақстан ЛКСМ ОК, ҚР Білім және ғылым министрлігінің  «Құрмет» грамотасымен марапатталған. 1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісін таққан.

Есқалиев Амантай 1942 ж Новобогать ауданы Тұщықұдық селолық округінде туған. Қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндері мұғалімі. 1966 ж. Гурьев педагогикалық институтын бітірген. Қазақ ССР халыққа білім беру ісінің озық қызметкері (1987). 1966-1995 ж.ж Махамбет, Балықшы ауданы мектептерінде оқытушы, «Еңбек тынығу лагерінің» басшысы болып еңбек етті.

Дүйсешова Ақдарай (1936 ж.т Талқайраң а.) – 1964 ж. Гурьев педагогикалық институтының физика-математика бөлімін бітірген. Балықшы ауданы, Атырау мектептерінде өз мамандығы бойынша дәріс берген шебер ұстаз. «Аға мұғалім» атағының иегері (1986), бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Есмұханов Кенжеш (1936-2002 .ж.ж Бақсай (Махамбет) ауд. Бесікті а.) – 1955 жылы Гурьев педагогикалық училищесін үздік бітіріп, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне қабылданып, 1959 жылы орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша аяқтап шықты. 1959-1981 жж. Махамбет. Балықшы аудандарының Бақсай жеті жылдық Талқайран, Бесікті сегіз жылдық мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметтерін абыроймен атқарды. 1981-88 жж. Балықшы аудандық оқу бөлімін басқарды, 1988-92жж. облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары, Атырау қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1992-98 жж. И. Тайманұлы атындағы № 27 орта мектептің директоры болды. Қазақ КСР халық ағарту ісінің қызметкері, КСРО білім беру үздігі.

Қонысов Бәшір (1930ж.т Махамбет ауд., 15 - а) – 1950 жылы Гурьев педагогикалық училищесін бітірген соң, еңбек жолын Махамбет ауданы Алға орталау мектебінде мұғалім болудан бастаған. 1954-65 жж. «Қызыл жұлдыз» орталау мектебінде мұғалім, Алға селосындағы № 11  сегіз жылдық мектепте, «Ұлы Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы мектепте директор болған. 1971-74 жж. Алмалы орта мектебінде, Бесікті сегіз жылдық мектебінде ұстаздық етті. 1978-86 жж. «Қызыл үй» орта мектебінде, Қайыршақты орта мектебінде директор, 1986-95 жж. сол мектепте мұғалім болды. КСРО ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері. (1969).